Дюсебаев Молдагазы Тулькубаевич 1954 жылы 1 ақпанда ҚХР Шәуешек қаласында дүниеге келді. 1962 жылы ШҚО (бұрынғы Семей облысы) Жарма ауданы, Жарықтас ауылына қоныс аударып келді. Ұлты – қазақ. Еңбек жолы 1970 жылы Қалбатау ауылындағы (бұрынғы Гергиевка) «Абай атындағы орта мектепті» бітіріп 1971 жылы Шар қаласындағы СПТУ–61 автомобиль жүргізушілер курсына түсіп, оны бітіргеннен кейін 1971–1972 жылдары Жарма савхозында механизатор болып жұмыс атқарды. 1972–1974 жылдары Совет Армиясы қатарында міндетін атқарды. Әскер қатарынан келген соң Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтына қабылданып, аталмыш оқу орнының дене тәрбиесі факультетін 1981 жылы бітіріп шықты. Педагогикалық еңбек өтілі 35 жыл. 1981–1992 жылдары Жарықтас ауылындағы «Б.Момышұлы атындағы негізгі мектепте» дене тәрбиесінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1992–2004 жылдары Жарықтас ауылындағы «Б.Момышұлы атындағы негізгі мектепте» мектеп директоры, 2004–2010 жылдары «Т.Хасенұлы атындағы орта мектеп» ММ директоры, №5 Қапанбұлақ сайлау округі бойынша Жарма аудандық маслихаттың төртінші шақырылымының депутаты, 2010–2014 жылдары Кеңтарлау ауылындағы «Шар негізгі мектебі» КММ директоры, 2014 жылдан бастап Аршалы ауылындағы «Аршалы негізгі мектебі» КММ директоры қызметін атқарып келеді. Молдагазы Түлкібайұлы - жас ұрпақтың сапалы білімі мен саналы тәрбиесі үшін өз ұжымын жұмылдыра білген, басшыға тән көрегендік пен кеңдіктің үлгісіне айналған, ұлттық педагогика мен жаңа заман талабын астастыра алған, шәкірттерінің алған білімі мен дарынын биіктерге көтеруге күш-жігерін аямаған таланттың иесі. Жаңа технологияларды мектеп өміріне батыл енгізіп, мұғалімдерді бүгінгі білім әлеміндегі түбірлі өзгерістерге қарай бейімдеуде қызмет атқаратын жаңашыл ұжым басшысы.