Мухтарханова Раушан Абайкановна
Ағысы буырқанып ағып жатқан Күршім өзені бойындағы Қаратоғай ауылының тумасы Мухтарханова Раушан Абайкановна 1966 жылы 12 қыркүйекте дүние есігін ашты. Күршім аймағына сыйлы, беделді жан Абайхан аға мен анасы Шамшизаның зор тағылымы мен тәрбиесін алған Раушан Абайкановна мектеп бітірген соң, Өскемен педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түсіп, география қосымша биология пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады. Содан бері 30 жыл көлемінде білім саласында еңбек етіп келеді. Жоғары санатты география және биология пәні мұғалімі еңбек жолын 1988 жылы ШҚО Көкпекті ауданы, Амангелді орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып бастады. Осы білім ордасында 2007 жылға дейін қызмет етті.
2007-2011 жылдар аралығында Өскемен қаласы №16 орта мектебінде география және биология пәні мұғалімі болып жұмыс істеп, өзінің іскерлігі мен шеберлігінің нәтижесінде 2011 жылы директордың тәжірибе-эксперимент ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. 2011-2017 жылдар аралығында осы директордың тәжірибе-эксперимент ісі жөніндегі орынбасарлық қызметін тыңғылықты атқара жүріп, мектепті дамытуда тәжірибе – эксперимент жұмысы арқылы тиімді жолдарын анықтап, іс-тәжірибедегі нәтижесін көрсете білді. Сондай-ақ, 12 жылдық білім беруге көшу жағдайында Республикалық эксперимент алаңындағы апробация жұмысына басшылық жасап, эксперименттің сәтті аяқталуына үлес қосты және осындай жетістігі үшін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Раушан Абайкановна ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың бірінші деңгейлі бағдарламасын аяқтап, бағдарламаның идеясының негізінде білім саласындағы тиімді өзгерістер енгізуде жұмыстар жүргізіп келеді. 2016 жылы қалалық «Үздік оқу ісінің меңгерушісі» атты кәсіби сайысының жеңімпазы атанып, 1-орын иеленді. Өзінің тәжірибе-эксперимент жұмысы бойынша іс-тәжірибесімен бөлісіп, еңбек кітапшасына жазылып, алғыс жарияланды.
Іскер ұстаз пән мұғалімі ретінде ҰБТ-ға оқушыларды әзірлеуде жоғары сапа көрсетіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК Ұлттық бірыңғай тестілеуге, Кешенді тестілеуге, Оқу жетістіктерін сырттай бағалауға арналған тест тапсырмаларының әзірлеушісі, сарапшысы ретінде тест тапсырмаларын жетілдіруге үлес қосып келеді.
Ізденімпаз, шебер ұстаз 2017 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығында ҚР жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша курсын аяқтады және курста жоғары нәтижелер көрсеткені үшін алғыс хатпен марапатталды.
2016 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Биология» және «Жаратылыстану» пәндері бойынша тренерлердің курсын аяқтады. 2017-2018 жылдары облыс көлеміндегі биология және жаратылыстану мұғалімдеріне курсты жауапкершілікпен өткізгені үшін алғыс хатпен марапатталды.
25.07.2017 жылдан бастап Өскемен қаласы әкімдігінің «№47 жалпы білім беретін мектебі» директорының міндетін атқарушы болып тағайындалды.