Өмірбаян
Жолбарысов Нұрлан Мұстафаұлы 1970 жылдың 17 сәуірінде бұрынғы Семей облысы, Шар ауданы, Қызыл Шілік ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының азаматы.
Білімі – жоғары. 1996 жылы «Семей» мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. 2023 жылы филология ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алды. Педагогикалық санаты – жоғары. Педагогикалық еңбек өтілі – 29 жыл.
Еңбек жолын 1996 жылы Семей қаласындағы №2 жалпы орта білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастап, бұл қызметті 2012 жылға дейін атқарды.
- 2012–2013 жылдары Семей қаласындағы №44 жалпы негізгі білім беретін мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды.
- 2013–2016 жылдары Шаған кентіндегі №24 жалпы негізгі білім беретін мектептің директоры қызметін атқарды.
- 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап №23 жалпы орта білім беретін мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.
- 2025 жылдың 13 қарашасынан бастап Бауыржан Момышұлы атындағы №34 жалпы орта білім беретін мектептің директоры болып тағайындалды.
Еңбек қызметі барысында білім беру саласын басқару, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру, педагог кадрлардың кәсіби дамуын қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыс атқарды. Оның жетекшілігімен және тікелей тәлімгерлігімен 2020–2025 жылдар аралығында оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болды.
Біліктілігін арттыру мақсатында «Өзгеріс көшбасшылары: заманауи мектепті басқаруға жаңаша көзқарас (болашақ басшыларды даярлау)» курсын тәмамдап, республикалық кадр резервіне қабылданды. Сонымен қатар «Білім берудегі менеджмент» (2023 ж.), «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерін оқытудың ерекшеліктері» (2024 ж.) тақырыптарындағы курстардан өтті.
Еңбегі еленіп, Абай облысы әкімінің Алғыс хатымен (2024 ж.), Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының Құрмет грамотасымен (2021 ж.), Семей қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен (2020 ж.), қалалық білім бөлімінің грамотасымен марапатталған.